Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан бойынша 9–11 сынып оқушылары арасындағы республикалық пәндік олимпиада жүлдегерлері мен олардың жетекшілерін арнайы қабылдады. Бұл кездесу – білімге деген құрметтің, жас ұрпаққа көрсетілген қолдаудың айқын көрінісі болды.
Қабылдау барысында аудан басшысы оқушылардың білім додасында жоғары нәтиже көрсетіп, аудан абыройын асқақтатқанын ерекше атап өтті. Дарынды жастар – ел ертеңі екенін тілге тиек етіп, олардың табандылығы мен үздіксіз ізденісі болашақта үлкен жетістіктерге жетелейді деді.
Сондай-ақ жүлдегер шәкірттерді білім биігіне жетелеген ұстаздардың еңбегі зор екеніне тоқталып, педагогтердің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі әрбір жетістіктің негізі екенін айтты.
Кездесу соңында республикалық олимпиада жүлдегерлері мен олардың жетекшілеріне алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталып, алдағы уақытта да білім жолында биік белестерді бағындырып, ел мақтанышына айналуларына тілектестік білдірілді.





